Балалардағы антибиотиктерді қабылдағаннан кейінгі қатты іш өтуі
normaflora.kz
Балалардағы антибиотиктерді қабылдағаннан кейінгі қатты іш өтуі
ДСҰ қайғылы статистикасы бойынша іш өту ауруы ― 5 жасқа дейінгі сәбилер арасындағы шетінеудің тізімінде екінші орында тұр [1]. Сондықтан, әсіресе, бір жасқа дейінгі сәбилердің іші өткенде ата-аналар мен дәрігерлер бұған назар аударуы тиіс. Жіті шек инфекциясының алдын алудың баршаға мәлім нақты шаралары бар: қолдың таза болуы, тамақ гигиенасы, кей жағдайда - вакцина егу. Бірақ, алдын алуы қиын келетін іш өту ауруының біраз түрлері де бар. Олар антибиотиктерді қабылдаған кезде пайда болуы мүмкін.
Антибиотиктер және іштің өтуі
Антибиотиктер - миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалған адамзат жаңалығы болып келеді. Бұл әлемдік медицинадағы бетбұрыс кезең. Бір жағынан алғанда, кезінде пенициллиннің, кейін басқа да бактерияға қарсы препараттардың да пайда болуы - маңызды болды. Өйткені, адамдар бұрын өлімге алып келетін көптеген инфекциялардан екі күн ішінде жазыла бастады. Бірақ, екінші жағынан, антибиотиктердің өзіндік қаупі бар. Ол қауіп – құрамындағы заттардың жанама әсерлері және іш өтімен сипатталатын ішек дисбиозының даму қаупі түрінде келеді.
Әсіресе, тек емшек сүтімен қоректенетін және қоспа ішетін жаңа туған сәбилердің дәреті кейде сұйық болады және ол қалыпты нәрсе. Бірақ, егер антибиотиктерді қолдану барысында дәрет сұйық немесе айтарлықтай сұйық күйге ауысса, нәжіс шығару жиілей түссе және осы күйі бір тәулік ішінде басылмаса, онда бұл іштің өтуі бактерияға қарсы емдеуге тағайындалған антибиотиктердің есебінен болуы мүмкін.
Қатты іш өткенде не істеу керек?
Біріншіден, балаларда диарея пайда болғанда ата-аналар баланы дәрігерге қаратуы керек. Баланың денсаулығын тек дәрігер анықтап, емделуге жеткілікті ұсыныстарды тек дәрігер бере алады.
Температураның көтерілуі және іш өтуі сияқты жиі туындайтын бала денсаулығының мәселесін әр ата-ана танып-біле алуы керек. Баланың іші өткенде, балаға қамқор адамдардың басты міндеті – денедегі сұйықтықтың орнын саналы түрде толтыру. Дәреттің, несептің шығуын және дененің басқа да сөлсіздену (дегидратация) белгілерін бақылау да маңызды.
Баланы дәрігерге шұғыл түрде көрсетудің қажеттілігін білдіретін, төмендегідей нақты белгілері мен симптомдар бар:
Несеп шығару мөлшері кенет азайып, мүлдем жоғалуға дейін барды
Несептің түсі тым күңгірт түске айналды
Екі ұрттың және ауыз қуысының шырышты қабығы құрғақ
Сәбидің жылаған кезде көз жасы шықпайды
Сәби кенеттен енжар күйге енді
Сәбидің еңбегі және көз алмасы шүңірейіп кетті [2,3].
«Емшек сүті немесе қарапайым қоспаның іш өтуін күшейтеді, сондықтан нәрестенің іші өткенде оларға арнайы қоспалар беру қажет» деген қате пікір бар. Егер сәбидің іші ұзақ уақыт бойы өтсе, емделу барысында балалар дәрігері арнайы, лактозасыз емдік қоспаларды тағайындауы мүмкін. Бірақ, мұндай диетаны дәрігер әр балаға арнайы түрде таңдайды.
Дегенмен, жеңіл іш өткенде емізуді тоқтату қажет емес.
Егер сәби жұмсақ тамақтандыруға көшкен болса, оған қайнатылған немесе езілген жаңа дайындалған тамақ беріңіз. Тамақтың келесі түрлері ұсынылады:
дәнді дақылдар немесе - құрамында бұршақ тұқымдастарымен, көкөністермен және етпен немесе балықпен араласқан - крахмалы бар басқа тағамдар, егер мүмкін болса, әр порцияға 1-2 шай қасық өсімдік майын қосыңыз;
аймақтың балалар ауруын интеграцияланған басқару бағдарламасы ұсынған жергілікті қосымша тағамдар;
калийдің мөлшерін қамтамасыз ететін жаңа жеміс шырыны немесе банан пюресі [3].
Егер сәби тамақтан бас тартса - мәжбүрлемеңіз, одан да сусын ұсыныңыз. Егер сусыннан бас тартса, аз мөлшердегі сұйықтықты мүмкіндігінше жиі қайталап ұсына беріңіз. Сұйықтықты бірден көп ішу баланы құстыруы мүмкін.
Қайта гидраттану үшін, әрбір нәжіс шығарудан кейін 2 жасқа дейінгі сәбилерге шамамен 50 – 100 мл, ал 2 жастан асқан сәбилерге шамамен 100 – 200 мл мөлшеріндегі сұйықтық қажет [3].
Сондай-ақ, балаға қажет сұйықтықтың қалыпты мөлшерін есептейтін арнайы формулалар бар. Салмағы 2-ден 10 кг-ға дейінгі нәрестеге қажетті сұйықтықтың тәуліктік мөлшері дене салмағының әрбір 1 кг-на 100 мл құрайды, салмағы 10-нан 20 кг-ға дейінгі балалар үшін –10 кг-нан асатын әрбір кг үшін 1000 мл + 50 мл-ге дейін, салмағы 20 кг және одан жоғары болғанда - 20 кг-нан асатын әрбір кг үшін 1500 +20 мл қажет. [4]
Ең бастысы, ағзадағы сұйықтық теңгерімін саналы түрде қалпына келтірмесе, кез-келген іш өту қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.
Дәрілік қолдау
Кей жағдайда дәрігер нәрестеге дәрі-дәрмектер тағайындауы мүмкін. Мысалы, бұл мырыш препараттары немесе пробиотиктер болуы мүмкін. Пробиотиктер, әсіресе антибиотикпен байланысты диарея болған кезде жиі тағайындалады. Патологиялық микрофлораны басып, пайдалысын қолдайтын пробиотиктер әр науқасқа жеке түрде тағайындалады.
Қалай болса да, кез келген дәріні тағайындау мақсаты – емдеу болғандықтан, пробиотиктер келесі қасиеттерге ие болуы керек:
патогендік белсенділігінің болмауы;
асқазан-ішек сөлдеріне тұрақты болуы;
сақталу мерзімі аяқталғанға дейін құрамы мен қасиеттерін жоғалтпауы;
адам ағзасына енгізілетін пробиотиктердің штамдары ішектің қалыпты микрофлорасын тежемеуі керек;
генетикалық паспорты және генетикалық тұрақтылығының дәлелі болуы керек [3].
Бұндай қасиеттерге ие микроағзалардың саны көп емес. Олардың біріне Bacillus Clausii жатады. Жоғарыда аталған қасиеттерден басқа, бұл пайдалы бактериялар жергілікті иммунитетті нығайтуға көмектеседі [5]. Бұл бациллаларды антибиотиктерді қабылдаудың алғашқы күнінен бастап емге қосуға болады, өйткені олар антибиотиктердің көпшілігінің әсеріне төзімді келеді. Оның қауіпсіздігінің жоғары деңгейі бұны балалар еміне қолдануға мүмкіндік береді [5,6].
Рвота и диарея у ребенка. Национальный медицинский исследовательский Центр Здоровья Детей МЗ РФ. http://nczd.ru/rvota-i-diareja-u-rebenka/ (дата обращения: 12.02.2021).